Log in Check in

Akan Sere

Akan Sere Koramsa-uly (Akhan-Seri) (Kazan Seri Қoramsauli) (1843-1913) – Kazakh folk poet – akyn, singer – composer.

  • Biography
  • Works
  • Music
  • About him
  • Books
  • Articles
  • Video

Ақан Сері, Ақжігіт Қорамсаұлы — ақын, әнші, композитор.

Ақан Сері Қорамсаұлы Ақан 1843 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында Қоскөл деген жерде туған. Әкесі Қорамса өз еңбегімен күн көрген шаруа адам болса, шешесі –  Жаңыл отбасында болған. Ақан 15 жасынан бастап серілік өмірге салынды. Ақынның шын аты Ақжігіт екен, Ақан деп, сері деп халық еркелетіп атап кеткен. Зерек, зейінді, ұғымды Ақан ескіше 6 жыл бойы оқығанында, ескі оқудың қиындығына қарамастан шығыс елінің дүние тануы, шариғат жолдары жайынан мол ұғым алады, әдебиетпен жақсы танысады. Ақан өлеңді бөгелмей айтатын суырып салма жүйрік ақын болып өседі. Әнмен қатар тапқыр сөз, шешендік толғау Ақанның даңқын көтере береді. Ақан не айтса да тура, батыл, шын айтатын болады. Ақан сері бүкіл Сарыарқаны аралап ән салады, серілік құрады. Ақанның жанында үнемі 15 – 20 жігіт жолдастары болады. Бұлардың барлығы да бір түрлі сұлу, жүйрік, жорға ат мінеді. Көпшілігі ақын, әнші, сері, балуан болады. Серілік салтанатты, серілік өмірді өз өмірінен бастап, әйгілі серілік атағын алған ақын – әнші Ақан. Ақанның 30 – 35 жастарға дейінгі өмірінің көбі осы серілікпен өтеді. Ақан сері өз заманыңдағы атақты ақын, әнші серілердің бәрімен жолдас болады. Атақты Біржан салды әншілік жағынан ұстазым деп біліп, оған үнемі барып, жанына еріп жүріп сұлу Бурабайды аралап, шырқап салатын әсем дауысты асқақты әнін естиді, сонан үйренеді. Қара сөздің ділмар шешеңдері, жүйріктері өзімен жерлес, елдес Орынбай, Тезекбай, Арыстан, Шөже сияқты ақындармен де жолдас болады, сөзін тыңдайды.

Ақан серінің бірінші әйелі Жұман қызы Бәтимадан туған жалғыз ұлы Ыбан (Ыбырайым) ғана болған. Оған Ақан сері жазу-сызу үйреткен. Бәтима өлген соң, аз уақыт отасқан әйелі Тінәлі қызы Ұрқияға Ақан серінің “Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия” деген өлеңін арнаған. Ақан сері алғашқы әйелі өлген соң, Қарауыл ішінде атақты сұлу Ақтоқты дейтін қызға ғашық болады. «Ақ көйлек», «Сұлу қызға», «Ақ иық пен ақ түлкі» дейтін өлеңдерін Ақан сері осы кезде шығарған.  Бұл — арты аңызға айналған оқиға. Ақтоқты есімі Ақан серінің шығармаларынан кең орын алды. “Ақ көйлек”, “Аужар”, “Алтыбасар”, “Ғашық жарға”, “Тағрипың”, “Ж-ға” — Ақтоқтыға арналған махаббат толғаулары. Бірақ, сүйген қызы – Ақтоқтыға қосыла алмайды…

Жастықтың көңіл күйімен еркін жүріп, серілік өмір кешкен Ақан отыздан аса бере-ақ қабат-қабат қайғыға ұшырайды. Феодалдық салтпен тартысып жүріп қосылған сүйген жары Ұрқия қайтыс болады. Қыран құсы Қараторғай бір түнде өледі. Оның артынан қасқырға салған күшаланы жеп, құмай тазысы Базаралы өледі.  Сөйтіп жүргенде ол 1876 жылы жүйрік аты Құлагерден айрылады. Осы жылы Керей руының паң Нұрмағамбет атанған үлкен байы Ереймен деген жерде әкесі Сағынайға ас беретін болып, сол асқа Ақан Құлагерді бәйгеге қоспақ боп, алып барады. Бәйгеге 323 ат қосылады. Бәрінің алдында келе жатқан Құлагерді бұрыннан Ақанмен өштесіп жүрген Батыраш, Қотыраш деген бай феодалдар соққыға жығып өлтіреді.
Құлагердің мерт болуы егде тартқан Ақан серінің өмірі мен шығармашылығында ұмытылмас оқиға болады. Құлагер туралы өлеңдерінде ақынның көңіл күйі, ашу-ыза, күйініш, үміт-сезімі тебірене жырланған. Ақан сері үшін Құлагер өлімі жай ғана ұмытылмас оқиға болмай, тіпті ауыр қайғыға айналады. Баласымен екеуі елсіздегі Қоскөл деген қамысты қопаны мекендеп, тау кезіп, иесіз даланы жайлап, өзгеден оғаш өмір сүреді. Тау-тасты күңірентіп, ән салады, өлең айтады. Құлагерге арнап бірнеше ән мен өлеңдер шығарады. Солардың ішінде ең көп тарағаны – «Құлагер» әні.  Жауыздықпен өлтірілген Құлагердің өлген жерінде Ақан еңіреп, егіліп жылап, сардаланы күңірентіп зарын айтып, бір күн, бір түн жатады. Сөйтіп, жан дүниесін дүр сілкінткен ауыр қаза «Құлагер» әнін шығаруға себепкер болады. Құлагердің өлімінің үстінде Ақан өзінің жауыздық дүниеден қатты соққы көргенін бірінші рет айқын сезеді. Жанр жағынан «Құлагер» лирикалық-психологиялық өлең түріне жатады. Өйткені, өлеңде оқиғаны, оған ақынның көзқарасын көрсетуден гөрі, сол жағдайға байланысты оның сезім дүниесіндегі күйінішін, психологиялық тебіренісін суреттеу жағы анағұрлым басым…

Өмір соққысын көрген Ақан сері енді: “Жақсылықтан жамандық асып кетті, Бой бағып тұру артық келсе шамаң” дейді. Ел аралауды сиретіп, бойын бағуды ойлайды. Жайлауға көшпей, Ыбан екеуі қыстауда қалады. Дұшпандары оны әр саққа жүгіртіп өсек таратады. Бірақ Ақан сері өмірден де, өнерден де қол үзбейді. “Өнерді бойға біткен іркіп болмас” деп қарайды. Осы тұстағы ән-өлеңдерінің елеулісі — “Балқадиша”. Бұл — өз теңі болмаса да атастырылған әдепті, сыпайы қыздың өнерлі ағаны қадір тұтқан сүйкімді қылығына разы ағалық қарыздар көңілден туған ән.                 90 жылдардағы Ақан сері шығармашылығында айтыс едәуір орын алды. Ақан серінің алғашқы айтыс-қағыс өлеңдерінің бірі — “Жүсіп төреге” (Тәкінің Жүсібіне қайтарған жауап өлеңі). Орынбай, Нүркей тағы басқа он шақты ақынмен айтыстарының үзінділері ғана сақталған. Толығырағы — Нұрқожамен айтысы. Онда Ақан сері ел-жұртты тірек тұтады (“Хақ қалаған Есенбай қарашамын, Алтын бесік халқыма жарасамын”), ақындық өнерді қадірлейді, туған жерді, халықты мақтан етеді.

Ақан серінің елдің жер-судан, қоныстан айырылуына наразылық білдірген азаматтық лирикалары мен сықақ өлеңдері де өткірлігімен ерекшеленеді. Атбасардың указной молдасы Көктөбеттің Смағұлын, Атығай-Қарауылдың болысы Сұрағанды, болыс Шоғармақты өлтіре сықақ етеді. Осы өлеңдері мен “Замана адамында” сері ел билеген әкімдерді “Кей жаман мал бітті деп әкім болар”,- деп әшкерелейді. Қонысынан айрылған елдің мұң-мұқтажын ақын халық атынан айтады. Мемлекеттік думаға шағынады, әділдік, үміт күтеді. Өмірінің соңғы кезеңінде жазылған өлеңінің бірі — “Қаратай”. Ақан сері ауылы қонысынан айрылып, орнына Комаровка ауылы орнағанда, ескі мекенге барып жүрген Қаратайды (Ақан серінің мінген аты) егінге түсті деген сылтаумен ұстап алып, сатып жіберіпті. Ат пен иесінің диалогы түрінде жазылған бұл өлеңде қуғыншы 4 орыстан қашып барғанда “бүбірнай” (выборной) Көшербайдың рақым етпегені, судьяның әділ үкім шығармағаны айтылады. Соңында: “Орыс пенен қазақтың алдым несін?! Тәңір берген әркімнің несібесін. Ол түгіл жан салмаған Құлагердің, сөйлейді граммофонда әңгімесін”, — деп, “Құлагер” әнінің сол заманда пластинкаға түсірілгенін ескертеді. Өлер алдында шығарған “Мінажат” өлеңінде иман тілейді.

Ақан сері — өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, лирикалық тебіреністі сазымен, әншілік-орындаушылық өнерімен танылған өзгеше дарын иесі. Оның композиторлығы ақындығынан кем түспейді. Әділіне көшсек, “Ақан сері” атанып, кезінде жұртшылыққа кең танылуы, атақ, даңқының шартарапқа жетуі – әншілік-композиторлық өнерінің жемісі. Жасынан халықтың ән-күйінен сусындап, өзіне дейінгі әншілік дәстүрді толық меңгерген Ақан сері бертін келе, жігіт шағында серілік құрып, өзі де ән шығарады. Көкшенің сұлу табиғатына көз тігіп, оны албырт сезімді, әсерлі музыка үніне бөлейді. Осы әншілік өнерде Ақан сері жалғыз болмайды. Айналасына әнші-күйші жастарды жинап, өзгеше бір өнерлі топ болып ел аралайды. Ақын, әнші серілердің бәрімен достасады. Жаяу Мұса, Естай, Иман, Жүсіп, Құлтума тағы басқа ақындар, әншілер Ақанның ең жақын достары болады. Машһүр Жүсіп, Дөскей, Естай сияқты ақындар Ақан серінің нөкер жолдастары болып отырады. Ақанның ақындық, әншілік дәурені дәуірлеп тұрған кездерінде шығарған лирикалы өлеңдері, қазақ жастарының өскелең жігерлері ой сезімдерін толық жеткізіп сипаттап береді. Сонымен бірге Ақанның өзінің серілік өмірінің бейнелерін, ішкі жан сырын айқын елестетеді. «Ақ иық пен ақ түлкі» өлеңінде кең өрісті сұлу сурет жасайды, қазақ халқының сүйікті жерлері – Жайық, Орал, Ертіс, даланың сұлу тал, шалқар көлі, қызыл – жасыл гүлі, әнші бұлбұлы – барлығы Ақан өлеңінің көркемдік суреттеу обьектісі болып отырады . Қараторғай бүркіті, Базаралы иті, Құлагер атты жүйрігі өзінің әнші серілігіне қосылып Ақанның атағын үш жүзге жаяды. Серілік, аңшылық, мергеншілік өміріне бұл үшеуін мәңгі серік, дос деп санайды. Балуан ШолақЖаяу Мұса,  Естай,  Иманжүсіп,  Құлтума  сияқты атақты ақын-әншілер Ақан серінің ең жақын достары болып қана қоймай, олардың бәрі Ақан серінің әншілік өнеріне игі әсер еткен, композиторлық талантын жетілдіріп, шеберлік, суреткерлік талғамын шыңдай түскен. Ол қазақтың ұлттық өнерін кәсіби биікке көтеріп, дәстүрлі өнердің классикалық үлгісін жасады. Сан қырлы дарындылық, поэзия мен музыканың тел қозыдай табысуы, өзіне ғана тән нақыш, жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлік – Ақан сері шығармашылығына тән ең басты қасиеттер.

Құлагер өлгеннен кейін үш ай өткен соң Қараторғай бүркіті ауырып өледі. Бұл Ақанның қайғысын бұрынғыдан да ауырлатады. «Қараторғай» әнін шығарады. Ақанның қайғысы күннен – күнге ауырлай береді. Жауыздықтың қабылдай беруінің түпкі тамыры қайда деген сұрақтарға жауап іздейді. Ол серілік жолды тастайды, әділдік, туралықты іздеп шарқ ұрады. Сондағы іздеп тапқаны – шығыс елдерінің ақыңдарының орта ғасырлардан басталған әдеби – философ ағымы – сонылық жолға салынады. Ақанның соңғы дәуірдегі өмірі қайғымен, кең ойланып-толғанған әлеумет өмірі жайында өлеңдер шығарумен ғана өтпейді, сол қайғының қалың қара бұлтын серпіп шыққан нұрлы күн сәулесіндей жарқ етіп ақын жан жүрегін сергітіп, махаббат, ғашықтық сарынға біраз уақыт салынады. Жасы елуден асқан кезде Ақан сері Қарауыл ішінде асқан үш сұлу қыздың үшеуіне ғашық болады. Серілік кезіндегі сұлу ән, сұлу үн қиялына қайта оралады. Жалғыз өзі түн кұшағында ат үстінде ел кезіп жүріп, үш сұлуға арнаған атақты «Үш тоты» әнін шығарып таратады. Үшеуінен Жамалды айрықша бөліп, соған арнаған бірнеше сұлу жырларын шығарады. Жамалға «Қалқа бала» деген ат қойып жазған өлеңдері махаббат сезімдерін толық сипаттайды, өз жүрегінің ішкі сырын ашып көрсетеді. Ақан жасым қартайғанмен көңілім жас, жүрегім махаббат сезіміне толы деп, «Біздің көңіл қайда жатыр» деген сұлу лирикасын жазады. «Сырымбет» әні Ақанның соңғы музыкалы шығармасы – Жүсіп төренің қарындасы Жамалға арналған…                                                            

Ақан өмірінің соңғы кезін оңашалану жағдайында өткізген. Серілік өмірден ада болған, жастық армандарының көбіне қолы жетпеген, жер-суынан айрылған, ел басшылары мен пиғыл-ниеті бұзыла бастаған пысықтардан жәбір көрген ол қасына жалғыз мылқау баласы Ыбанды алып Қоскөл жағасында оңаша өмір кешкен. Ақын дұшпандары ол туралы неше түрлі өсектер таратқан. Сөйтіп жүріп ол 1913 жылы 70 жасында қайтыс болған. Кеңестік Қазақстанның өрен ақыны Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында ақын трагедиясының себептерін жан тербетерліктей нәзік, асқан шеберлікпен айтса,  Ғабит Мүсірепов те өзінің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында Ақан өмірін оның ескішіл күштерге, дінге қарсы күресі арқылы суреттеген.
Ақан сөзін, жырын, әнін – барлық өмірін халықтың көркем өнерін, эстетикалық сезімін өсіру жолына сарп етті. Ол өз сөзінің, өз өнерінің кейінгі ұрпақтар үшін аса қадірлі екенін толық түсінеді. Ақан қазақтың асқан шебер халық композиторының бірі. Ақан шығарған әндердің қайсысы болсын толқынды, лирикалы айтылады: жүректі, ойды толқытып, Сарыарқаның көк бұйра сағымды бел, сары жонын оятып, алыстан тербей келетін мұңды, қайғылы сырын, күйін беріп отырады. Сонымен бірге, ақын әндері адам ойын сергітіп, жастық махаббаттық сезімді құлпыртатын шаттық рухты да береді. Ақан сері жалғыз композитор ғана емес, ол серілік өмірімен халықтың шынайы артисі де болған ірі көркем өнер қайраткері. Сері деген ардақты ат кім көрінгенге беріле бермеген. Сері, сал, әнші, ақын деген атақты – халықтың театр, ойын-сауығы бола білген ақындарға халықтың өзі берген. Ақанның музыкасы мен лирикасының айрықша жарқын, сұлу келетіндігі ақынның эстетикалық көз қарастарына, дүниені көркемдік жолымен тану ойларына тығыз байланысты.

Шығармаларының басым бөлігін қамтитын кеңінен танымал көңіл-күй және махаббат лирикаларында ғажайып табиғат суреттері мен нәзік мұң, өмір қиыншылықтары туралы трагедиялық пайымдаулар шынайы да шымыр қатар өріліп жатады. Оның стиліндегі жоғары жетістігі – кең тыныстылық, ән иірімдерінің нәзіктігі, әуен әсемдігі, интонация суреттерінің молдығы, сазының биік те асқақ, ырғақтары мен қайырымдарының ұзақтығы. Қазақ мәдениетінің алтын қорына Ақан серінің елуге жуық музыкалық, поэтикалық мұрасы енген. Ақан сері шығармалары поэтикалық тұнықтығымен, образдар әлемінің тереңдігімен, поэтикалық және музыкалық тілінің шырайлылығымен, айрықша талғампаздығымен, нақыштық тазалығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық болмысының басты қасиеттері — өмір шындығын боямасыз жырлауы, психологиялық иірімдерге толы, эмоциялық бояуының қанықтығы.

 Ақан серi Қорамсаұлы. Шығармалары

Құрастырушы: Н. Оразбек

read a book

 Ақан сері. Маңмаңгер. Әндер

Құрастырушы: Қайролла Жүзбасов

read a book

 
 Ақан серi 

Авторы: Тәжібаев Ә.

кітапты көру

 Төрт таған

Авторы: Оспанов Д.

кітапты көру

 
Замана бұлбұлдары 

Авторы: Ахмет Жұбанов

кітапты көру

Мырзахметов Е. Ақан серінің сырлы сөздері View Алпысұлы С. Құлагер трагедиясы View Есмағамбет М.Ғ. Құлагерді өлтірткен View Жақанов И. Балқадиша View Жақанов И. Жалмұқан-Ақтоқты View
Introduction