Log in Check in

Magzhan Zhumabaev

Magzhan Zhumabaev (June 25, 1893, Sasikkul tract, Saryagyr province, Petropavlovsk district, Akmola region, Russian empire – March 19, 1938, Alma-Ata, Kazakh SSR) – Kazakh writer, publicist, educator, one of the founders of the new Kazakh literature

  • Biography
  • Books
  • Аbout him
  • Photo
  • Bibliography
  • Video

“Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайда… Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін”.

 

Мұхтар Әуезов

«Қасіретті, қайғы-мұңлы Мағжан-жыр,

Жер мен жерді, тау мен тауды жалғап жүр,-

күндіз түні бір тынбай

қазағының жан азабын толғап жүр,

қазағының ар-ожданын қозғап жүр».

Темірхан Медетбек.

Сәулесі мәңгі өшпес жұлдыз

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев қазақ әдебиетінің көгіндегі XX ғасырдың басында жарқырай жанған жарық жұлдыздарының бірі, бірегейі, текті ақыны. Әкесі Бекен (Бекмағанбет) орта дәулетті, өзінің әділдігімен, адамгершілікті парасатымен ел арасында беделі жоғары, абыройлы адам болғандықтан да ұзақ жылдар болыс қызметін атқарған. Үйінің жанынан мектеп ашып, мұғалім ұстап, өз балаларының оқуына қамқорлық жасап, сауатты болуын қадағалаған. Ал, анасы Гүлсім үйіндегі 7 ұлы мен 2 қызының тәрбиесімен, жиі келетін қонақтарын күтумен, отағасының жағдайын жасаумен айналысқан.

Мағжан 1893 жылы бұрынғы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы, Сасықкөл деген жерде туған. Бала кезінен өте зеректігімен көзге түскен Мағжан төрт жасынан хат таниды. Ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашқан Мағжан 1905 жылы Қызылжардағы медресеге оқуға түсіп, оны жақсы үлгеріммен аяқтайды. Бірақ , бұл көп білсем,  басқаларды көрсем деп ілгері ұмтылған жас талапты онша қанағаттандырмайды. Ол оқу іздеп, енді Уфаға аттанады. Сонда  білім беру дәрежесі жоғары діни оқу орнымен пара-пар, аты көпшілікке аян «Ғаллия» медресесіне оқуға түседі. Медреседе оқып жүргенде, осында оқытушы болып істейтін, татардың белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың назарына ілігеді. Болашақ ақынның зор дарынын таныған Ғалымжан Мағжанды қамқорлығына алып, оған көп жәрдем көрсетеді. Соның көмегімен Қазан қаласында Мағжанның “Шолпан” атты тұңғыш жинағы жарық көреді, осы ұстазының  ақыл-кеңесімен Омбыдағы мұғалімдер семинариясына 1913 жылы түсіп,  1916 жылы оны медальмен үздік аяқтайды.  Бұл кез оның қазақтың ардақты азаматтары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовпен танысып, араласып, дәріс алып, шығармашылықтың жаңа бір белесіне құлаш ұрған шағы еді. Әсіресе, орыс тілін, әдебиетін тамаша білетін Міржақып Дулатов Мағжанға орыс тілін меңгеруге көп көмек беріп, орыс классиктерінің үлгі тұтар туындыларымен таныстырады. Осы семинарияда оқып жүріп Сәкен Сейфуллинмен, Григорий Потанинмен танысады. Семинарияны бітірген соң сол кездегі қазақтың өзі тәрізді жалындаған жастарымен “Алаш” партиясын құруға қатысады.

Жиырмасыншы жылдардың бірінші жартысында шығармашылық өнімді еңбекпен шұғылданады. Әйгілі “Батыр Баян” поэмасын жазады, баспасөзде біраз дүниелері жарық көреді.

1923-1927 жылдары М.Жұмабаев Мәскеуде жоғарғы әдеби-көркемөнер институтында оқиды. Бұл жылдары орыс, Батыс Европа әдебиетін терең зерттеп оқиды.

Жастайынан орысша оқып, орыс әдебиетінің мәдениетіне еркін жеткен Мағжан қазақ поэзиясына өзіндік ерекшелігімен, дарынды болмысымен келеді. Әуелде лапылдап тұрған сезімін, ынтыға үзіліп тұрған махаббатын жастық жалынымен, жандырып жіберердей леппен жеткізуге ұмтылған ол енді бірте-бірте ой есейгендігін танытып, азаматтық лирикаға қарай ойысады.

Бұл жылдары ол зарлы да өкінішті ой-сезімдерін ерекше құдіретпен, шырылдаған жан даусының қуатымен жеткізіп, ішкі мұңы мен ашу-кегін табиғи байланыстырып жібереді. Ұстаздарының өнегесі ақын жанының тебіреніс толқынындағы айшықты өрнегімен көрініс береді. Мағжан “Шолпан”, “Сана” журналдары, “Ақ жол” газеті редакцияларында қызмет істеп жүргенде болсын, Москваның Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқып жүргенде болсын, үнемі ізденіс үстінде, шығармашылық өрлеу жолында болады.  Өзінің бірінші кітабын жас ақын көбінесе Абайға еліктеп,  араб-парсы немесе қазақи салт арнасында жазса, бұдан кейінгі 1922 және 1923 жылдары Қазан және Ташкентте  шыққан жинақтарында   Мағжан бірде нәзіктігімен, бірде тәкаппар байрондық  рухты нәзік перделеп, үйлестіре алады. Ақынның көзі тірісінде орасан зор әдебиеттанушы Ж.Аймауытов оны қазақ поэзиясында байронизмнің негізін қалаушы деп, эпостық поэманы емес, романтикалық поэмаларды тұңғыш құраған ақын деп атаған.

Мағжан тек қана ғажап ақын емес, сондай-ақ ол кісі ірі ағартушы-ұстаз болғанына дәлел ретінде ол кісінің қаламынан 1922 жылы Оренбург қаласында шыққан «Педагогика» кітабін алуға болады. Энциклопедиялық білімді Мағжан орыс, араб, түрік, парсы тілдерін кемел меңгерген. Сондай-ақ, ақын А.Пушкиннің, А.Блоктың, М.Цветаеваның, А.Ахматованың шығармаларына тағзым етушілердің бірі бола тұрып, Гетені, Гейнені аударған. Жас әдебиетші және филологты мамандар дәл кезінде бағалап, Мағжанды Ташкенттегі Қазақ-қырғыз ағарту институтына шақырып алады. Осы жерде еңбек ете жүріп, өзінің атақты «Баян Батыр» поэмасын жазып, сол жердегі жергілікті басылымдарда өз еңбектерін жариялап отырады.

Кейіннен Мағжан Жұмабаев Мәскеуде, Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетінде шығыс тілдерінен сабақ берген. Сол жылдары  Максим Горькийдің, Александр Блоктың, Дмитрий Мамин-Сибиряктың, Всеволод Ивановтың туындыларын аударған.  «Восток» баспасымен ынтымақтаса отырып, қазақ мектептеріне арналған оқулықтар құрастырады. Сол жылдары Валерий Брюсов басқарған Әдебиет институтында оқи жүріп, «Ересектерге арналған қазақ тіліндегі «Әліппе» оқулығын дайындайды.                    

Шығармашылықпен айналысқан алғашқы он жылда ол ұлт азаттығын поэзияда ең терең қозғаған ақын болды. Сол бір тынышсыз жылдарда аға буынның ақылымен туған еліне барып, қазақ педагогикалық техникумында дәріс береді, бұл 1927-1929жж. болатын.

1929 жылы ол “Алқа” атты жасырын ұлтшыл ұйым құрды деген жалған айыптаумен сотталады. Шын мәнінде бұл әдеби платформаға қатысты үйірме болатын. Өкінішке орай, сол жылғы тергеулер мен әділетсіз үкім Мағжанды Карелия түрмелерінен бірақ шығарады. Адам төзгісіз қиын жағдайда болған ақын ақыры тек 1935 жылы сол түрмеден М.Горькийге хат жіберуге мүмкіндігі болады. Үлкен ықпалды адам М.Горькийдің және осы кісінің жұбайы Е.Пешкованың араласуымен Мағжанды түрмеден соттың берген уақытынан ерте шығарып алады. Бірақ, бұл Мағжанның ақталғандығы емес еді.

1936-1937 жж Мағжан өзі туған жеріне қайта келіп, Петропавловск қаласындағы Пущкин атындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Осы жерде жүріп, Мағжан Қазақстан жазушылар Одағының төрағасы Сәбит Мұқановқа хат жазады. Сәбит Мұқанов Мағжанның жағына шығып, араға түсіп, қорғайды.  Сөйтіп, 1937 жылы Сәкен Сейфуллиннің шақыруымен Алматы қаласына келеді. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа бармай, осы қалада тағы да абақтыға жабылады. Осылайша, 1929 жылғы алғашқы сотталған уақытынан 1938 жылға дейінгі ақынның он жылдық ғұмырында шығармашылық үнсіздік орнайды. Білімі толысып, тәжірибесі молайып, кемелді шағына бет алған дара дарынның тағдырына тұтқиылдан келіп араласқан Қызыл империяның қызылкөз жендеттері оның жолын кесіп, қайта-қайта түрмеге қамап, ең соңында құртып тынады. 1937 жылы “Халық жауы” деп қайта сотталған ақын 1938 жылы  “үштіктің” шешімімен жазықсыз атылып кете барады…

Жүсіпбек Аймауытов: «Мағжан – ең алдымен, сыршыл ақын. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да, сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер бере алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз»-деген екен кезінде.                 Шынында да, ол  қазақ әдебиетін орыс, Европа әдебиетінің биік деңгейіне көтерді. Елінің тарихы мен мәдени мұраларын терең білуі “Батыр Баян”, “Қорқыт”, “Оқжетпестің қиясында”, “Қойлыбайдың қобызы”, “Ертегі” т.б. сияқты тамаша поэмалар тудырды.

Мағжан “Педагогика” оқулығында халықтық педагогика мен психологияға талдау жүргізді.

Мағжан поэзиясының жоғары идеялығы, отаншылдық, ұлттық рухқа толы болуы, өлеңдерінің ерекше бейнелілік, көркемдік формасы, жаңашылдығы заманынан басы озық, ілгері кеткен ақын екендігін көрсетеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” атты кітабында: “Құрманғазының ғажайып күйлері, Мағжанның мөп-мөлдір асыл лирикасы, Мұхтардың эпикалық көркем прозасы, Шоқанның барша әлемді таңғалдырған жаңалықтары, ұлы Абайдың философиялық толғаулары ынта ықылас қойған әрбір адамның ішкі жан дүниесін байыта түсері анық!”-деп тегіннен тегін айтқан жоқ шығар. Бұл да болса ел бастаған кемеңгер азаматтың Мағжан шығармаларын жақсы білетіндігін, көрегендігін білдірсе керек.

Ұлы ақын әлі толық ақталмай тұрғанда көптеген ақын-жазушылар оны ақтауға, шығармаларын жариялауға қарсы болған кезде заңғар жазушы
Ғабит Мүсірепов жазушы Жайық Бектұровпен болған әңгімесінде:
“Менің ойымша, Мағжан шығармаларын басуға бұл күнде совет өкіметінің еш бөгеттігі жоқ, бұлай деу бос сөз. Оның шығармаларын жарыққа шығаруға біздің өзіміздің кептен бергі бір беткей қалыптасып кеткен теріс дағдымыз, теріс көзқарасымыз, Мағжанды ұлтшыл деп жамандап қалған ескі әдетіміз бөгет. Біз біреуді жамандасақ, тасқа басқан таңбадай өмір бақи өшпейтін қара бояудай көреміз. Кейде тіпті қайсыбір ақындарымыздың іштей қызғаншақтығы да бөгет болып жүр. Әйтпесе, ағын ақ, қарасын қара деп бар-жоқтың жігін ашып алуымызға әбден болады. Мағжанның әйел теңдігі, махаббат, табиғат жайлы, ағартушылық бағыттағы ертеректе жазған өлеңдерін, мақалаларын, әңгімелерін бүгінгі әдебиетіміздің қорына қосуға әбден болады”-деген екен.

Ал ұлы Мұхтар Әуезов: “Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін!” -деген жүрекжарды лебізін өз тұсында айтса да, болашаққа арнап кеткендей емес пе?!

«Мағжан Жұмабаев өмірі – шабыт пен табыт, кұлшыну мен тұншығудың екі арасында арпалысып өткен аласапыран өмір. Өлгендер өлді, ал тірілеріміз оның алдында мәңгі қарыздармыз. Бұрын ол жақтаушыға мұктаж еді, енді ізденушіге мұқтаж. Іздеу керек, жаппай іздеуіміз керек! Мағжанның орнын Мағжан шығармалары ғана толтыра алады”-деген көзі тірісінде Қадір Мырза әлі ақын.
“Күннен туған баламын,

Жарқыраймын, жанамын.

Күнге ғана бағынам! – деп ұлтының аспандағы Айы, көгіндегі Күні, мақтанышы, тағзым етер тұлғасына айналған ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына биыл 125 жыл толады.

“Бұйырса, шырақ сөнбес, ұзақ жанар” – деп өзі айтқандай кейінгі ұрпаққа жақұт жыр қалдырған, көзі тірісінде тауқыметі мол жолдан өткен ақынның халқына қайта оралуына көп еңбек сіңірген азаматтың бірі -белгілі жазушы марқұм Жайық Бектұров. Оқырмандар бұл жазушыны “Тағдыры қиын талант” атты көлемді зерттеу еңбегі арқылы біледі.  «Мағжан өлеңдері мен әндері соқыр адамның айналасындағы жарық дүниені алғаш көзін ашып көргендей әсер етіп еді. Содан да Мағжан ерте күннен көңілімізге қонған ақын еді», – дейді жазушы Мағжанға деген ынтық сезімі жайлы.

Дүние есігін табиғатынан, Тәңірдің қалауымен мәңгілік дарын болып ашқан біртуар тұлғалар қаншама замандар етсе де, өзі ғұмыр сүрген кезеңінен кейін – келешекте де адамзат жадынан өшпейтін ұлы қасиетке ие болады. Осылайша мұндай алып, заңғар тұлғалар әр заманның белесінде биіктен орын алып, адамдар қауымдастығының жаңа буынының ақылы, ойы мен парасатына сай құрметке бөленеді. “Абай – мәңгілік!” деген тағылым тегін айтылмаса, біз және бізден кейінгі ұрпақтар да Мағжанды нақ осылайша ардақ тұтары анық. Мағжанға дейін Қазақ елімен ағынан жарылып, жанын ақтарып,  жүрегінің кіршіксіз, мөлдір сырын төгілтіп халқына сөз арнаған ақын Абай ғана. Абайдан соң – Мағжан. “Қазақ елім, бір ауыз сөзім саған!” деген ақын тебіренісінде қаншама зор мағына, халқына артқан сенімі бар десеңізші?! Мағжанның жан сырын бар жүрегімен сезініп, жырының салмағы мен санасын бойына дарытқандар оның өз тұсында көп еместі, алайда болды да. Солардың ішінде ардақтысы – Жүсіпбек Аймауытов және Алаш зиялылары. Олар -Мағжан жырынан зияндылық іздемегендер. “Мағжан – күшті ақын. Күштілігі еліктеткенінен көрінеді. Осы күнгі өлеңшілердің көбі Мағжанның өлеңінің не сыртқы түріне, не ішкі мазмұнына еліктемей жаза алмайды. Кім өлең жазса, Мағжан сөзінен бірдемені алмай қоймайды. Алайын деп алмаса да, еріксіз, өзі байқамай алып қояды. Неге? Кестелі, ырғақты, күшті даяр сөз, даяр тұр, ауызға түсе кетеді”, – деп жазды Жүсіпбек Аймауытов Мағжан жайындағы әйгілі зерттеуінде. Осы лебіздердің арқауы үзілмегенінің,  сөзі “артқы күнге анық қалуға жараған ақынды” біздің қазіргі уақытта қастерлеуіміздің кемел көрінісі – “Мағжан көктемі” фестивалі.

Фестивальдың ту тіккен ордасы – Қызылжар, Мағжанның туған мекені. Бұл еліміздің ақындары мен өнер жұлдыздарының торқалы басқосуы – Мағжанды жырлауы. Жырсүйер, өнерсүйер жұртшылық солтүстіктің сұлу өңірінде, ақ қайыңды ормандар, тамыр тартқан топырақта туған қазақ жырының пайғамбарын жырмен, әнмен ардақтап, Алтайдан Атырауға, Іледен Есілге дейін кеңінен көсілген байтағымыздың түкпір-түкпірінен Қызылжарға ат басын тіреп, ақындар мен әншілердің толғанысына куә болып жүр.

Тәуелсіздігіміздің ең ардақты жетістіктері мен жеңістерінің бірі Алаштың Мағжан сынды аяулысына бауырымызды жайып, құшағымызға басуымыз емес пе?!

Кеңестік қасаң идеологияның үйірген қамшысы мен сілтеген сойылының зардабынан зиялыларымыздан жаңылған, асылдарымыздан адасқан күндер адыра қалды. Мағжантанудың таңы атты. Талантқа табыну – ерсі емес, ерлік. Біздің ақындарымыз Мағжанға деген сүйіспеншілігін ерлікке тән еркіндікпен жырлауды таңдады. Біздің ақындардың жас ұрпағы Мағжаннан “Менді” үйренді. Мағжанның «Мені» – оның өшпес рухы емес деп кім айтар?!

Мағжан мектебі – зор тағылым ғибраты. Мағжан қазақ поэзиясын “Қазақ тілінен” әрі биік асуға ерлетіп, өзінің жан сөзімен жыршылардың болашақ  ұрпағына “Мен жастарға сенемін!” деген өрлігімен баулығанын енді білеміз.

Мағжан махаббатты өзінше, Мағжанша ғана жырлады…

Мағжан елжандылықты, ұлтжандылықты жырлауда әлемнің қандай ақынынан болсын асып түспесе, кем пәрменмен соқпайтын өлеңдерді жүрегінен бұлбұлдай ұшырды. Көшпелі заманның кеші жаңа ғасырға беттеген уақытта дүние есігін ашып, келесі жүзжылдықтың түндігі серпілген кезеңге сай келген ақын тың, соны мезгілдің әуенін шырқады. Бұл – осындай ұлы адамға ғана бұйыратын тым таңдаулы сипатты Тәңір алдымен Мағжанға тарту етті. Міне, Мағжанның келешек ұрпағына тапсырып кеткен аманаты осындай…

«Қазақ тілі»

Күш кемiдi, айбынды ту құлады,

Кеше батыр – бүгiн қорқақ, бұғады.

Ерiкке ұмтылған ұшқыр жаны кiсенде

Қан суынған, жүрек солғын соғады.

Қыран құсты қос қанаты қырқылды,

Күндей күштi күркiреген ел тынды.

Асқар Алтай — алтын ана есте жоқ,

Батыр, хандар — асқан жандар ұмытылды!

Ерлiк, елдiк, бiрлiк, қайрат, бақ, ардың, —

Жауыз тағдыр жойды бәрiн не бардың…

Алтын Күннен бағасыз бiр белгi боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тiлi, сен қалдың!

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тiлiм,

Таза, терең, өткiр, күштi, кең тiлiм,

Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тiлiм!..

«Мен кім?»

Жалынмын мен, келме жақын, жанарсың,

Тұлпармын мен, шаңыма ермей қаларсың.

Күл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ,

Көз қырымен күліп қана қарармын.

Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,

Надан адам өлім жоғын білмейді.

Өзім – патша, өзім – қазы, өзім – би,

Қандай ессіз не қылдың деп тергейді?..

«Мен жастарға сенемін»

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күштi қанатты.

Мен жастарға сенемiн!

Көздерiнде от ойнар,

Сөздерiнде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемiн!

Жас қырандар – балапан,

Жайып қанат ұмтылған.

Көздегенi көк аспан.

Мен жастарға сенемiн!

Жұмсақ мiнез жiбектер.

Сүттей таза жүректер.

Қасиеттi тiлектер –

Мен жастарға сенемiн!

Тау суындай гүрiлдер,

Айбынды алаш елiм дер,

Алтын Арқа жерiм дер,

Мен жастарға сенемiн!

Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға,

Иман күштi оларда,

Мен жастарға сенемiн!…

Алаш айбынды ұраны,

Қасиеттi құраны,

Алаштың олар құрбаны,

Мен жастарға сенемiн!

Мен сенемiн жастарға.

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бiр таңда,

Мен жастарға сенемiн!..

  1 том

Авторы: Мағжан Жұмабаев

кітапты көру

  2 том

Авторы: Мағжан Жұмабаев

кітапты көру

 
  3 том

Авторы: Мағжан Жұмабаев

кітапты көру

  Шығармалары

Авторы: Мағжан Жұмабаев

кітапты көру

   
  Педагогика

Авторы: Мағжан Жұмабаев

кітапты көру

  Сұм өмір

Авторы: Мағжан Жұмабаев

кітапты көру

   
Культурная связь должна продолжаться

Авторы: Абдулхамликов Р.

мақаланы көру

Вопреки приговору временщиков

Авторы: Елеукенов Ш.

мақаланы көру

 

 

 
Спутница в радости и печали

Авторы: Жумабаев У.

мақаланы көру

Арыстардың ату жазасынан аман қалуы мүмкін бе

Авторы: Зәкіржанқызы С.

мақаланы көру

 

 

 
Любимые женщины Магжана Жумабаева

Авторы: Канафина Ж.

мақаланы көру

Последний приезд Магжана

Авторы: Кокушева Б.

мақаланы көру

 

 

 
Дәуірдің дарабоз ақыны

Авторы: Қажыбай Т.

мақаланы көру

Ұлы бейнесі жүректе

Авторы: Қаһарманов Ғ.

мақаланы көру

 

 

 
Мағжан өлеңдері – Қытай қазақтарының аңсары

Авторы: Қаһарманұлы Ғ.

мақаланы көру

Мағжантану маңыздылығын жоймауға тиіс

Авторы: Сеңкібаев С.

мақаланы көру

 

 

 

Кітаптары

Жұмабаев М. Өлеңдер, дастандар, әңгіме. 1-том.– Алматы: Жазушы, 2002.–208 бет

Жұмабаев М. Көптомдық шығармалар жинағы. 2-том .– Алматы: Жазушы, 2003.– 208 бет

Жұмабаев М. Көптомдық шығармалар жинағы. 3-том .– Алматы: Жазушы, 2003.– 208 бет

Жұмабаев М. Педагогика.–Алматы: Ана тілі.–1992.– 160 бет

Жұмабаев М. Сұм өмір.–Алматы: Халықаралық Абай клубы.– 2017.– 140 бет

 

Ол жайында

Абдулхамликов Р. Культурная связь должна продолжаться // Казахстанская правда. – 2013. – 2 августа. – С. 5

Елеукенов Ш. Вопреки приговору временщиков //Казахстанская правда. – 1993. – 11 августа(№178). – С. 4

Жумабаев У. Спутница в радости и печали  //Казахстанская правда. – 10 августа(№177). – С. 4

Зәкіржанқызы С. Арыстардың ату жазасынан аман қалуы мүмкін бе? //Айқын. – 2013. – 18 қаңтар. – 5 б.

Канафина Ж. Любимые женщины Магжана Жумабаева //Караван. – 2013. – 19 апреля(№16). – С.23

Кокушева Б. Последний приезд Магжана //// Казахстанская правда. – 2013. – 2 августа. – С. 5

Қажыбай Т. Дәуірдің дарабоз ақыны //Арқа ажары. – 2000. – 22 тамыз. – 3 б.

Қаһарманов Ғ. Ұлы бейнесі жүректе //Есіл пернелері. – 3 б.

Қаһарманұлы Ғ. Мағжан өлендері – Қытай қазақтарының аңсары //Көкшетау. – 1996. – 16 мамыр. – 2 б.

Сеңкібаев С. Мағжантану маңыздылығын жоймауға тиіс //Арқа ажары. – 2008. – 8 сәуір. – 4 б.

Introduction