Log in Check in

Ағыбай батыр

Ағыбай батыр Қоңырбайұлы – қазақ халқының аты аңызға айналған қолбасшысы, өте батыл, турашыл, батырлығымен, өткірлігімен ерекшеленген. Жеңілуді білмеген, әскери әдіс-тәсілдерді тамаша пайдалана білген, көреген де кемеңгер басшы.

  • Өмірбаян
  • Аңыз бойынша

Шұбыртпалы Ағыбай Қарағанды облысының Ұлытау тауының бөктеріндегі ауылда 1802 туған. Оның шыққан руы Орта жүздің Арғыны, оның ішінде Шубыртпалы.  Анасы Қойсана Орта жүздің беделді Тарақты руының қызы екен. Бұл кісі үлкен денелі, мықты әрі белгілі адам болған. Ағыбайдың нағашысы Байғозы – Абылай ханның ту көтерушісі, адал досы Наймантай батырдың ұлы. Сол нағашыларынан, анасынан Ағыбайға да үлкен дене, кең иық, керемет күш, төзімділік дарыған. Ағыбайдың жасы 12 келгенде әкесі Қоңырбай қайтыс болады да, әскери құралдарды керемет қолдана білетін Ағыбай 13 жасында өзінің ұшқыр атымен көзге түседі.

Жастайынан тыныш жатқан ауылдарға шабуыл жасаушылардың, дала феодалдарының – Ресей тәжі бодандығының қатал езгісін, жергілікті халыққа көрсеткен зорлық-зомбылығын көрген. Міне, осылардың бәрі Қарқаралы өңіріндегі 1824 жылғы көтеріліске алып келді және Ағыбай Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы белсене араласты. Әскери ұрыс даласында ұрыс жүргізуде Ағыбай өзіндік ат үстінен жүргізетін  әдіс-тәсіл қолдана білді. Оның үстіне бұл тәсілдер далада өсіп-өнген қазақ балаларына өте тиімді болды, сондықтан да халық оны «Ақжолтай батыр» атап кетті. Ағыбайдың есімі ұрыс ұранына айналып, ұлы Абылайдың есімімен қатар аталып жүрді.

Патшалық саясатқа қарсы күресте түркітілдес халықтардың басын біріктіру үшін Ағыбай батыр елшілік қарым-қатынасты жақсартуға да қатысты. Қасым сұлтан қаза болғаннан кейін Ағыбай батыр қол бастап, Шу өзенінің бойында өзбек әскерлерін талқандады, сөйтіп, Түркістан өлкесіндегі өзбектердің ықпалын әлсіретті. 1826-1849 жылдар аралығында Ағыбай батыр бастаған әскер Ресей империясының тұрақты әскери бөліктерімен болған ұрыстарда көбіне-көп жеңіске жетіп отырған. Олар әскери бекіністерге – Қарқаралы, Ақтау, Ақмола шабуыл жасаған. Сондай-ақ, ұрыстар Ырғыз, Тобыл өзендері бойында, Көкшетау, Қызылжарда да жүргізіліп, қашанда қазақ әскерлерінің жеңісімен аяқталып отырған.

Ағыбай батыр қырғыз манабы Орманмен болған соғыста ерекше көзге түскен. Сөйте жүріп, Қожа Ахмет Яссауидің мазарын қорғау мақсатында, Түркістан қорғанысы үшін ұрысқа да қатысқан. 1847 жылы Кенесары ханның Кекілік тауындағы кырғыздармен шайқасында Наурызбай батырмен бірге дұшпан шебін бұзып өткен. Кенесары өлгеннен кейін де Ресей өктемдігіне қарсылығын тоқтатпай, Сыздық төре қолы құрамында соғыс жүргізген. Кейінірек, 1849 жылға дейін Ресей өкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуылдар жасаған. Бұдан көп кейін, Оңтүстік Балқаш аймағында ағартушылық қөзмет те атқарған, мешіт салдырған, ол кісінің екі әйелі, төрт ұлы болған.

Қартайған кезінде Ағыбай батыр көпшілікпен алшақтап,  егін шаруашылығымен, аңмен айналысқан. 1885 жылы Тасарал деген жердегі бекіністе, Балқаш көлінің маңында қайтыс болған…

Қазақ халқының азаттығы үшін күреске арнаған Ағыбай батырдың өмірі тарихшылар мен жазушылардың туындыларында айқын көрініс тапқан. Біздің отандық тарихи мұражайларды айтпағанда, Ағыбай батыр жайындағы деректер, мағлұматтар Орынбор, Омбы және Ресейдің басқа да қалаларында сақталған. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» туындысында Кенесары хан мен Ағыбай батыр қатынасқан барлық дерлік ұрыс даласындағы әрекеттер баяндалған. Жазушы Кенесары хан бастаған әскердің Ақтау, Ортау, Ақмола бекіністерін қалай алғандығын, Сырдария өзені бойындағы Меркені босату үшін Коканд хандығымен болған ұрысты бүге-шүгесіне дейін толық  көрсеткен.

Бір тамашашысы, француз жазушысы Жюль Верннің «Хан Кене» деген туындысы бар екен. Бұл туындының да кейіпкерлері – Кенесары, оның бауыры Наурызбай батыр, өзге де батырлар болып келген. Туындыда Жюль Верн көшпенділер өмірін өз тұрғысынан сипаттайды. XIX- ғасырда кітап тек француз тілінде қолжетімді болса,  XX – ғасырда орыс тілінде де жарыққа шықты.

Қазақтың көрнекті ғалымы А.Бөкейханов 1914 жылы Қазан қаласында Ағыбай батыр туралы «Қызыл қайнар Тектұрмас» атты кітабын шығарды. Ал, 30- жылдары Сәкен Сейфуллин «Ақжолтай батыр» романын жазса, бұл шығарма репрессия жылдары құртылып жіберілді. М.Әуезов өзінің «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген кітабында атақты батырға түгелдей бір бөлімін арнаған екен. Иса Байзақов болса, Ағыбай батырға поэмасын арнады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Е.Бекмахановтың танымал монографиясында Ағыбай батырдың батыр тұлғасы XIX-ғасырдағы тарихи оқиғалар тізбегінде көрсетілген.

 1992 жылы Қарағанды облысының Жезқазған қаласында Ағыбай батырдың 190 жылдығы республика көлемінде тойланса, 2002 жылы Балқаш қаласында батырдың 200 жылдығы атап өтілді. Аты аңызға айналған батырдың есімі халықтың жүрегінде, тарих беттерінде мәңгі сақталмақ.

 

Аңыз бойынша Ағыбай батыр қайтарының алдында Тайатқан мен Шұнақ тауларынан алыс емес жерді көрсетіп: «Мен өлгеннен кейін адамдар өздері келіп, мазар орнатады»-дейді. Алайда, батыр қайтыс болған соң оның туыстары патшаға хат жазып, батырды Түркістандағы  Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерлеуге рұқсат сұрағанымен, араға бір жыл салып, бұл өтінішке рұқсат берілмегендігі хабарланады. Сөйтіп, Ағыбай батыр Сары арқа мен Бетпақдаланың тоғысқан жері, Тайатқан мен Шұнақ ауларының етегіне жерленеді. Батырды жер құшағына қойып, енді ғана Құдайы тамаққа отыра бергенде, қайдан екені белгісіз үстеріне ұзын шапан киген адамдар келіп, батырдың денесі қойылған жерге 40 күн ішінде мазар орнатады да, келгендеріндей ғайып болады. Бұл адамдарды бұдан кейін ешкім де көрмейді. Кесененің әбір кірпішінде арабша жазылған «Ағзам» бар.

Жалпы, мұндай жазулар біздің ғаламшардың кейбір жерлерінде өте аз болса да, бар көрінеді. Бірақ, бұл жазуларды оқитын адам баласы жоқ екен. Арнайы осы жазбаларды оқып, түсіндіру үшін арабтар да келген. Дегенмен, оларда көп нәрсе түсіндіре алмаған. Жазбада бар 8 бейнелеменің әрқайсысы үлкен бір ғұлама кітаптың мазмұнын береді, ал бұл 8 бейнелеменің жиынтығы бар әлемнің мән-мағынасын түсіндіреді екен.

Introduction